24.12.2025
2025 жылдың 23 желтоқсанда Ақмола облысындағы «Болашақ сарайы» Оқушылар сарайында Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына арналған жарқын іс-шара өтті. Оған облыстың үздік студенттері, колледж педагогтері, әлеуметтік серіктестер және кәсіптік білім беру саласының ардагерлері шақырылды.
Іс-шараның ашылуы Ақмола облысы колледждерінің жұмысшы мамандықтарды дамытуға қосқан үлесін көрсететін «Жасампаздық жылы: жоғары шеберлікке жол» бейнежобасының көрсетілімімен басталды.
Қатысушыларға Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов құттықтау сөз сөйлеп, колледждердің жетістіктері тәлімгерлердің және әлеуметтік серіктестердің жүйелі еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Салтанатты рәсім аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан әлеуметтік серіктестерге, білікті жұмысшы кадрларды сапалы даярлаған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан колледждер ерекше аталып өтті.
Іс-шара республикалық деңгейде Ақмола облысының атын танытқан WorldSkills Kazakhstan – 2025 чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болды.
Сонымен қатар «Жасанды интеллект» құзыреттілігі бойынша BRICS Skills халықаралық байқауының жеңімпазы – Ғатин Ілиясқа көрсетілген құрмет ерекше оқиғаға айналды.
Көпжылдық еңбегімен бүгінгі жетістіктердің берік іргетасын қалаған кәсіптік білім беру саласының ардагерлеріне де алғыс сөздер айтылып, өңірдің дамуына еңбек адамының маңызы айрықша екені атап өтілді.
Жоғары шеберлікке бастар жол – бүкіл өңірдің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ақмола колледждерінің жетістіктері айқын көрсетіледі: Ақмола – шеберлік аймағы.