07.09.2026
WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионаты жыл сайын колледждердің талантты әрі мақсатшыл студенттерін біріктіреді. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: өңірлік чемпионаттың жеңімпаздары облыс намысын республикалық деңгейде қорғайды, ал үздік қатысушылар Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына еніп, халықаралық аренада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.
Ақмола облысының өкілдері WorldSkills чемпионаттарында дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Біздің студенттер республикалық кезеңде табысты өнер көрсетіп қана қоймай, халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғау құқығына да ие болуда.
Dostyq Skills республикалық чемпионатында «Автономды мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледжінің студенттері Сапов Роман Николаевич пен Шишканов Артём Александрович күміс жүлдегер атанды.
Сонымен қатар чемпионат аясында WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатына қатысу үшін Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына іріктеу өткізілді. Іріктеу қорытындысы бойынша Роман Сапов пен Артём Шишканов еліміздің намысын әлемдік аренада қорғау құқығына ие болды.
Роман мен Артём «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы бойынша білім алуда. Қатысушыларды арнайы пәндер оқытушысы Ковалев Рустем Сергеевич дайындайды.
Бұл жетістік Ақмола облысы колледждері студенттерінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, сондай-ақ олардың тәлімгерлерінің кәсібилігі мен қажырлы еңбегін көрсетеді.
Роман Саповқа, Артём Шишкановқа және олардың жетекшісіне сәтті дайындық, сенімді өнер көрсету және WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатында жеңіс тілейміз! Білімдері, кәсіби шеберліктері, табандылықтары мен ұйымшыл командалық жұмысы Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытуға жол ашсын!