16.01.2026
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту орталығының жұмыс жоспарына сәйкес 2026 жылғы 16 қаңтарда Көкшетау қаласындағы Құрылыс-технологиялық колледжінде «ТжКББ жүйесінде мамандарды даярлау сапасын арттыру факторы ретінде инновациялық технологиялар» тақырыбында облыстық педагогикалық оқулары өтті.
Орталық әдіскері К.Жаманбаева өз сөзінде заманауи білім беру технологияларын қолдана отырып өткізілген ТжКББ педагогтерінің ашық сабақтары олардың жоғары кәсіби деңгейін көрсететінін атап өтті.
Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжінің оқытушылары С.Амзина мен Р.Баткульдина шығармашылық бағыттағы студенттердің өзіндік жұмысына арналған математика пәні бойынша функционалдық тапсырмалары бар жинақты таныстырып, оның білім алушылардың дербес және шығармашылық ойлауын дамытудағы рөлін атап өтті.
Көкшетау қаласындағы Құрылыс-технологиялық колледж оқытушысы М.Шалабаева химия және биология пәндерін оқытуда практикалық-бағдарланған тәсілді енгізу тәжірибесімен бөлісіп, оның нәтижелері оқу материалын терең меңгеруге, практикалық дағдыларды қалыптастыруға және білім алушылардың пәндерге деген ынтасын арттыруға ықпал ететінін көрсетті.
Щучинск қаласындағы Жоғары техникалық колледждің әдіскері К.Уразова «Студенттердің өздік жұмыстарын ұйымдастыру және бағалау» тақырыбында баяндама жасап, білім алушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері мен оны бағалаудың тиімді әдістеріне жан-жақты тоқталды.
Ш.Уәлиханов атындағы Көпсалалы колледждің арнайы пәндер оқытушысы Д.Мукашева болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттыруда инновациялық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерін қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара қатысушыларын ТжКББ дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы С.Сералина және Құрылыс-технологиялық колледжінің басшысы Е.Бегайдаров құттықтау сөзімен қарсы алды.
Қатысушылар үшін колледж бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Педагогикалық оқуларға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері, әдіскерлер, басшы орынбасарлары қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды.