31.01.2026
2026 жылғы 30 қаңтарда Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Атбасар қаласының аграрлық-индустриялық колледжі» МКҚК базасында маңызды іс-шара өтті – колледж жанынан шағын кәсіпорынның ашылуы және Индустриялық кеңестің кеңейтілген отырысы. Индустриялық кеңестің жұмысына «Ақмола облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту орталығы» КММ, Атбасар ауданы Кәсіпкерлер палатасының филиалы, әлеуметтік серіктестер, облыс колледждерінің басшылары мен педагогтері қатысты.
Қатысушыларға құттықтау сөзбен ТжКБ дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы Сералина С.С. сөз сөйлеп, өткізілгелі отырған іс-шараның маңыздылығын атап өтті және нәтижелі әрі мазмұнды жұмыс тіледі.
Колледж басшысы Тюлебаев А.Ж. білім беру мазмұнын жаңарту және түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелеріндегі Индустриялық кеңестің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Отырыс барысында басшының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Зардиева В.А. Индустриялық кеңестің қызметі туралы баяндап, оның құрамына өзгерістер енгізу мәселесін ұсынды. Кеңес төрағасы мен хатшысын сайлау өткізілді.
Қызмет көрсету саласындағы қазіргі технологиялық өзгерістерді талқылауға ерекше назар аударылды. Әлеуметтік серіктестер – «Дон Батон» ЖК басшысы Мейрамова А.М. және «COLOR» сұлулық студиясының жетекшісі Процюк О.В. өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, еңбек нарығында сұранысқа ие, түлектердің табысты жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін негізгі дағдыларды атап өтті.
Кәсіпкерлер палатасының филиал директоры Тасмагамбетова Р.М. колледждің оқу үдерісіне тиісті сала кәсіпорындарын тарту, оның ішінде өндірістік практика, тағылымдама және бірлескен жобаларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар, «Тігін шеберханасы» шағын кәсіпорнының салтанатты ашылуы өтті. Бұл білім алушылардың практикалық-бағдарлы оқуы мен кәсіпкерлік дағдыларын дамытудағы маңызды қадам болды. Қызыл лентаны Атбасар ауданы әкімінің орынбасары мен колледж басшысы Тюлебаев А.Ж. қиды. Ашылудан кейін қонақтарға жаңа алаңда дайындалған алғашқы бұйымдар таныстырылды. Шеберхана заманауи өнеркәсіптік жабдықтармен жабдықталған, бұл арнайы киім тігуден бастап авторлық коллекциялар әзірлеуге дейін кез келген күрделіліктегі тапсырыстарды орындауға мүмкіндік береді.
Іс-шара аясында студенттерді WorldSkills байқауына кәсіпорындар базасында даярлау мәселелері талқыланды. Әлеуметтік серіктестер өңірлік WorldSkills байқауына бақылаушы ретінде қатысу туралы ұсынысты қолдады. Сондай-ақ дуалды оқытуды одан әрі дамытуға, әлеуметтік серіктестердің демонстрациялық емтихандар кезінде түлектердің дипломдық жұмыстарын қорғауда сарапшы ретінде қатысуына ерекше назар аударылды.
Өткізілген іс-шара колледж бен жұмыс берушілер арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың білікті, сұранысқа ие мамандар даярлаудағы маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.