06.02.2026
Ақмола облысының ТжКБ дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы С. Сералина «Қоршаған орта және экология» оқу-әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған «Аралды жаңғырту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына қатысты.
Білім басқармасы басшысының орынбасары В. Гамазов Ақмола облысының атынан қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, көтерілген тақырыптың маңыздылығын атап өтіп, конференцияға жемісті жұмыс тіледі.
Облыста 6 республикалық әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. Солардың бірі – Щучинск қаласындағы Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі базасында құрылған «Қоршаған орта және экология» әдістемелік бірлестігі. Колледж ауыл және орман шаруашылығы салалары үшін мамандар даярлайды. Аталған конференция жыл сайын республика бойынша педагогтердің қатысуымен өткізіледі. Биыл конференция жұмысына Өзбекстан мен Ресей өңірлерінің өкілдері де қатысуға ниет білдірді. Қатысушылар экологиялық апаттың өзекті мәселелерін, Арал теңізін қалпына келтіру жолдарын талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар ұсыныстар қабылдады.