12.02.2026
2026 жылғы 12 ақпанда Көкшетау қаласында Ж.Мусин атындағы көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Ж.Мусиннің әдебиет пен журналистика тоғысындағы рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Конференцияға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мамандары, мектеп педагогтері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, студенттер, сондай-ақ «Ақмола облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту орталығы» КММ әдіскерлері қатысты.
Конференция аясында қатысушыларға білім ордасымен танысу туры ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы ұсынған «Бала тілін дамыту әдістемесі» оқулығының тұсаукесері өтті.
Іс-шара барысында жазушы, журналист, публицист Ж.Мусиннің бюстіне гүл шоқтары қойылып, «Көркем ой мен көсемсөз үндестігі» тақырыбындағы көрме ұйымдастырылды.
Конференцияда Жанайдар Мусиннің әдеби және публицистикалық мұрасы, ұлттық рух пен азаматтық ұстанымы, педагогикалық идеялары кеңінен талқыланды. Пленарлық мәжіліс және екі секциялық отырыс аясында мазмұнды баяндамалар жасалып, кәсіби пікір алмасу өтті.
Іс-шара Ж.Мусиннің 90 жылдығына орай ұйымдастырылып, оның рухани мұрасын насихаттау мен білім беру үдерісінде тиімді қолдану мәселелерін қарастыруға арналды.